М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да "Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана" деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.
Поэзия – азабы мол ауыр жол. Егер ол сіздің жүрегіңізге бірден ұялай қалса, одан келіп, тіліңізге үйірілсе, қапас ойдан қарғып шығуға ұмтылса, бір сөзбен айтқанда, сізді біртүрлі мазасыздыққа душар етсе, ондай жыр, сізге оп-оңай көрінгенімен, оңайлықпен жетпегенін түсінсеңіз болғаны.Ұшқан құс ұясын іздейді. Ал ақынның ұясы – халық. Өзге туралы ма, өзі туралы ма, тіптен өмірде бар нені болса да жырға арқау етерінде, ақын қыбыласын халыққа қарап түзейді. Бұл – оның еркімен де, еркінен тыс та жасалып жататын шарт. Ақынның жекеменшік қазынасы жоқ. Оның үні мен тілі, поэзияға керек қару-жарағы – барлығы халықтікі.
Поэзия – ғылым. Ол өзінің түрі мен мазмұнына, ырғағы мен ұйқасына, жалпы бойына түр жаңалықтарымен ажарланып, қайта туып, мәңгілік құбылып отыратын ғылым. Ол – адам баласының сезіну, ойлау, тіптен қиялдау процесінің ең жоғарғы сатысы.
Мұқағали — өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:
«...Ақынмын деп қалай мен айта аламын, Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, — деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы түлға, Ұлы ақын.
Поэзия! Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан...
... Сені іздедім. Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»
Комментариев нет:
Отправить комментарий