вторник, 2 апреля 2013 г.

Тіліміз-байлығымыз!!!

Тіл - ұлт байлығы. Әр ұлт өз тілін қадірлейді, сыйлайды және болашаққа, келешек ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отырады. Тіл - ғасырлар бойы әр ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілу арқылы жинақтаған бағасы жоқ мәдени байлығы. Біздің отанымыздың тілі – қазақ тілі.
Қазір қазақ тілі – қазақ халқының ұлттық тілі. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Қазақ тілі – республикадан тыс елдерде тұрып жатқан қазақтардың тілі. Қазіргі таңда жер бетінде 13 миллионға жуық қазақтар өмір сүреді.
 Қазақ тілі – батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, қырым татары, қарайшай, балқар, құмық және тағы басқа тілдер. Қазақ тілі - өзіндік әдеби, ғылыми және саяси жазу нормасы қалыптасқан бай тіл. Қазақ тілінің  тарихы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты.

  Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі - оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, кез-келген мемлекет өзінің аумақтық салт-дәстүрін, ана тілін ерекше қорғайды.
Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тілінде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю.
                   Сүйемін туған тілді – анам тілін,
                   Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
                   Шыр етіп жерге түскен минутымнан,
                   Құлағыма сіңірген таныс үнін, - деп С.Торайғыров ағамыз жырлап өткен.
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз.  Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты  себепкер – ана тілі.



Комментариев нет:

Отправить комментарий