
Жаңа шаңырақтың табалдырығын аттаған келіндерін ата-бабаларымыз құрмет тұтқан. Оларды өз ұрпағын өрбітіп-өркендетіп, кеңейтуші ырысы, құт-берекесі санаған. Егер жас келін өз басының тазалығы мен жарасымдылығын былай қойғанның өзінде ұстаған үйі, қазан-аяғына дейін мұнтаздай кіршіксіз болып, өзі он саусағынан өнері тамған ісмер, бармағынан бал тамған аспаз болса, нұр үстіне нұр. Ондай келіні бар үй көпке – үлгі, ауылға сыйлы болады. Үлкендер құрмет тұтып, жастарға үлгі етеді. Келін – бір шаңырақтың шырағы. Ағайын-туманың ортасында берекесін асырып, жаманын жасырып, жақсылығын елге паш ететін де – бір өзі. Біз қанша жерден келін деп айтқанымызбен, ол да – бір әулеттің әлпештеп өсірген аяулы қызы. Өскен-өнген жері қандай болса, алған тәрбиесі, көрген өнегесі де сондай болмақ.
Келіннің жаңа жерге келуі, сол ортаға үйренісуі, көп жағдайда, сол үйдің мүшелеріне де байланысты. Келгеннен-ақ құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытып, білместігіне кешіріммен қарайтын болса, ол келіннің әулетке сіңіп кетуіне негіз болады.«Қызым – келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» деп ұрпағынан жақсылық күтетін халықпыз. «Қыз бала – жатжұрттық» дегенді де атам қазақ бекерге айтпаған. Жас қыз ертең-ақ бойжетіп, балиғатқа толып, бір үйдің табалдырығын келін болып аттары сөзсіз.
«Келіннің аяғынан…» деп барған жері жас келінге сын көзбен қарайды. Отбасындағы әже, аналарынан тәлімді тәрбие алған қыз бала барған жеріне «судай сіңіп, тастай батып», ауыл-аймаққа қадірлі болып кетеді. Бір әулеттің түтінін түтетіп, шаңырағын биіктете түсу – үлкен жауапкершілік. Мұны келін болатын болашақ қыздарымыз терең сезінулері қажет. Жас келіннің көтерер жүгі қашанда ауыр. Қайын ата, қайын ене, қайын сіңлі, қайын інілермен тіл табысу да шеберлікті қажет етеді. Оң жақтағы қыз баланы «ертеңгі күнгі – келін, ерін сыйлар – адал жар, ана, ақыл айтар – жеңге, тату болар абысын» деп ұлттық тәрбиені өн бойына дарыта білу де оңай іс емес.Біз – текті халықпыз. Соны еш уақытта естен шығармай, ата-бабамыздың аманатына қашанда адал болуымыз керек.
Комментариев нет:
Отправить комментарий